100-ден астам домбырашылар Тәуелсіздік күніне тарту жасады

28 ақпан 2024 22:02

Ақтауда «Ұлы дала мұрагерлері» атты домбырашылар шеруі өтіп, бір мезгілде 130 өнерпаз домбырада ойнады. Ақтау қаласындағы Назарбаев Зияткерлік мектебінің оқушылары Тәуелсіздік мерекесі қарсаңында Қабиболла Сыдиықов атындағы облыстық кітапханада «Ұлы дала мұрагерлері» домбырашылар шеруі өткізді. Назарбаев Зияткерлік мектептерінде «Ұлы дала мұрагерлері» домбырашылар шеруі жыл сайын өткізіліп келеді. Шараның басты мақсаты – Тәуелсіздік мерекесін ұлықтаумен қатар, сол тәуелсіз елдің жас ұрпағы, мектеп оқушыларына ұлттық дәстүрді насихаттау. Мерекелік шара мектептің «Қос перне» домбырашылар ансамблінен құралған 130 күйшінің қатысуымен өтті. Шара барысында халық күйі «Жастар биі», «Нар ағашы», «Балбырауын» күйлерін 130 домбырашы бір мезетте орындап, домбыраның күмбірлеген үні көрермендерді ерекше әсерге бөледі. Ұлттық аспапты жұртшылыққа насихаттау бағытындағы айтулы шараның алғы сөзін мектептің «Қамқоршылық кеңесі» төрағасы Жаңабай Сүйіндіков ашты. Сондай ақ мектеп директоры Ринат Жұмабаев шарада сөз алып, халқымыздың мәдениеті мен музыкасын дәріптеу, өскелең ұрпақты тәрбиелеудегі бұл шараның маңызы зор екендігіне тоқталды. - «Ұлы дала мұрагерлері» атты шара дәстүрлі түрде жалғасып келеді. Бүгін Тәуелсіздік күніне орай ұйымдастырылған шарада Ақтаудағы Назарбаев Зияткерлік мектебінің 100-ден астам домбырашылары өнер көрсетті. Назарбаев Зияткерлік мектептерінің әрбір 7-сынып оқушысы міндетті домбыра үйрену сабағына қатысады. Бүгінгі шарада өнер көрсеткен домбырашылардың көбі 7-сынып оқушылары, демек домбыраны қолдарына алғаш ұстап, қысқа мерзімде осындай жетістікке жетуде. Дәстүрлі шараның мақсаты домбыра аспабын мектеп оқушылары арасында насихаттап, ұлттық құндылығымызды дәріптеу,- дейді «Қос перне» домбыра үйірмесінің жетекшісі Гүлсім Тәжмағамбетова. Айта кетейік 2021-2022 оқу жылынан бастап Назарбаев Зияткерлік мектептерінде 7 сынып оқушыларына домбыра сабағы міндетті түрде өткізілу жоспары енгізілді.