Back

«Назарбаев Зияткерлік мектептері»

ДББҰ Басқармасының

2017 жылғы 16 тамыздағы

(№ 41 хаттама) шешімімен

бекітілген

 

ОҚУ БАҒДАРЛАМАСЫ

«Назарбаев Зияткерлік мектептері» ДББҰ – NIS-Рrogram

Кіріспе 

Заманауи мектеп білімі саналы түрде таңдау жасап, өз бетінше шешім қабылдай алатын және қоғамдық өмірге жауапкершілікпен қатысуға ынталы тұлғаның қызығушылықтарына бейімделуімен ерекшеленеді. Осы ретте қазақстандық және әлемдік үздік дәстүрлер мен озық білім жүйелерін қамтитын, халықаралық нарықта бәсекеге түсе алатын, белсенді азаматтық ұстанымы бар, жоғары білімді тұлғаны тәрбиелеуге бағытталған инновациялық мектеп моделін құру өзекті мәселеге айналады. Инновациялық мектеп моделін құру құндылықтарды арттыруды, мектептегі білім мазмұны мен құрылымына өзгеріс енгізуді, белсенді оқыту әдістері мен оқу жетістіктерін бағалау қағидаттарын, сондай-ақ өзара әрекеттесу тәсілдерін қолдануды талап етеді. Бұлардың жиынтығы білім сапасын анықтайды.

Қойылған мақсаттарды жүзеге асыруда еліміздің білім беру саясатының басым бағыттарының бірі – мектеп оқушыларының қабілеттерін жан-жақты дамытып, олардың әлеуеттік қабілеттерін барынша ашуға бағытталған Назарбаев Зияткерлік мектептерін (бұдан әрі – Зияткерлік мектептер) құру болып табылады. Аталған мектептердің жоғары сыныптарында оқушыларды жетекші ұлттық және шетелдік жоғары оқу орындарына дайындау көзделген.

Қазақстан Республикасының «Назарбаев Университеті», «Назарбаев Зияткерлік мектептері» және «Назарбаев Қорының мәртебесі туралы» заңдарына сәйкес Назарбаев Зияткерлік мектептері орта білім беруге арналған заманауи оқу бағдарламаларын әзірлеу, сынақтан өткізу (апробациялау), енгізу, мониторинг өткізу алаңы болып табылады.

 «Назарбаев Зияткерлік мектептері» ДББҰ-ның (бұдан әрі – ДББҰ) стратегиялық серіктесі Кембридж Университетінің Халықаралық емтихан кеңесімен бірлесе әзірлеген «Назарбаев Зияткерлік мектептері» ДББҰ-ның Білім беру бағдарламасы, яғни NIS-Program, жаратылыстану-математикалық бағыты бойынша білім беру үдерісін жүзеге асыруға бағытталған.

1.     Қолдану аясы

1.1.         «Назарбаев Зияткерлік мектептері» ДББҰ-ның Білім беру бағдарламасы – NIS-Program (бұдан әрі – Білім беру бағдарламасы) құндылықтар мен ұзақ мерзімді оқу мақсаттарын, оқу үдерісінен күтілетін нәтижелерді, білім деңгейі бойынша орта білім мазмұнының құрылымы мен құрамын, оқу жетістіктерін бағалау моделін, Назарбаев Зияткерлік мектептеріндегі (бұдан әрі – Зияткерлік мектептер) оқу үдерісін ұйымдастыруға қойылатын талаптарды анықтайды. Білім беру бағдарламасының мазмұны Мемлекеттік жалпыға міндетті стандарттарға сай пәндердің мазмұнын қамтиды, сонымен қатар GCE AS/A-level халықаралық бағдарламасының (Ұлыбритания) мазмұнымен сәйкес келеді.

1.2.         Білім беру бағдарламасы төмендегілерге қатысты қарастырылады:

–     жаратылыстану-математика бағытындағы пәндерді тереңдетіп оқытатын, қазақстандық және шетелдік үздік білім беру тәжірибелері кіріктірілген бастауыш, орта және жоғары мектептің оқу бағдарламаларын жүзеге асыратын Зияткерлік мектептер;

–     оқу бағдарламаларын, ұзақ мерзімді жоспарларды, жекелеген пәндер бойынша оқулық пен оқу-әдістемелік кешендерді әзірлейтін Білім беру бағдарламалары орталығы;

–     Педагогикалық өлшемдер орталығы оқушылар мен мұғалімдердің конкурстық негізде іріктеуді, оқушылардың оқу жетістіктерін бақылау, Зияткерлік мектептер түлектерінің қорытынды аттестациясын ұйымдастыру, ұсынылатын білім беру қызметінің сапасын бағалау, Педагогикалық шеберлік орталығының біліктілікті арттыру курстарында тәлімгерлер және мұғалімдердің жұмысын бағалау қызметтерін жүзеге асырып, ғылыми-зерттеушілік, ұйымдастырушылық және ақпараттық-технологиялық тұрғыдан қолдау жасайды.

–     Зияткерлік мектептер жүйесінде қызмет атқаратын педагог мамандардың біліктілігін арттырып, қайта даярлайтын «Педагогикалық шеберлік орталығы».

2.        Нормативтік сілтемелер

Осы оқу бағдарламасында төмендегі нормативтік құжаттарға сілтемелер пайдаланылды:

–          2017 жылдың 3 шілдесіндегі жағдай бойынша өзгертулер мен толықтырулар енгізілген 2016 жылғы 9 сәуірдегі №501-V 2017 Қазақстан Республикасының «Білім туралы» Заңы;

–          Қазақстан Республикасының 2011 жылғы 19 қаңтардағы «Назарбаев Университеті», «Назарбаев Зияткерлік мектептері» және «Назарбаев Қорының мәртебесі туралы» ҚР № 394-IV Заңы;

–          ҚР Президентінің 2016 жылғы 1 наурыздағы №205 Жарлығымен бекітілген Қазақстан Республикасында білім беруді дамытудың 2016-2019 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламасы;

–          «Назарбаев Зияткерлік мектептері» ДББҰ Жоғарғы қамқоршылық кеңесінің 2013 жылғы 18 сәуірдегі шешімімен мақұлданған 2020 жылға дейінгі Даму стратегиясы.

3.        Негізгі ұғымдар

Осы Білім беру бағдарламасында «Білім туралы» және «Назарбаев Университеті», «Назарбаев Зияткерлік мектептері» мен «Назарбаев Қорының мәртебесі туралы» заңдарына сәйкес терминдер мен анықтамалар пайдаланылды. Төмендегі терминдер қолданылды:

ДББҰ – «Назарбаев Зияткерлік мектептері» дербес білім беру ұйымы

Міндетті білім беру – 1-10-сыныптар

Орта білімнің базалық мазмұны – білім берудің келесі кезеңдерінде білім алуды жалғастыру үшін жеткілікті болатын 1-10 сыныптарда міндетті түрде оқытылатын білім беру мазмұнының құрамы.

Зияткерлік мектептер – негізгі қызметі білім беру үдерісін ұйымдастыру болып табылатын «Назарбаев Зияткерлік мектептері» дербес білім беру ұйымының филиалдары.

Сабақтан тыс жұмыс – білім алушылардың жан-жақты дамуына және жеке қабілеттерін дамытуға бағытталған Университеттің, Зияткерлік мектептердің оқу үдерісіне қатысушылардың қызметі. Бұл қызмет тиісті қамқоршылық кеңесінің шешімімен бекітілетін іс-шаралар түрінде өткізіледі.

Элективті курстар – оқушылардың қызығушылықтары бойынша білім беру бағдарламаларын жүзеге асыруды ұйымдастыру формасы, білім алушылардың білім деңгейін арттыруға бағытталған оқу жоспарының вариативті үйренушілік компонентінің құрамдас бөлігі.

«Назарбаев Зияткерлік мектептері» ДББҰ білім беру бағдарламасы – NISProgram – жаратылыстану-математикалық бағыт бойынша білім беру үдерісін ұйымдастыруға бағдарланған Зияткерлік мектептерінің білім беру үдерісін және білім мазмұнын ұйымдастыру ісіндегі жалпы тәсілдерді анықтайтын тұжырымдамалық сипаттағы нормативтік шектемелі құжат. Бұл құжат нәтижеге бағдарланған білім беру үдерісін ұйымдастырудың негізгі қағидаттары мен ережелерін анықтайды.

Зияткерлік мектептердің пән бойынша оқу бағдарламасы – белгілі бір оқу пәні бойынша білім беру үдерісін ұйымдастыруға арналған оқу-нормативтік құжат. Онда оқу мақсаттары, міндеттері және күтілетін нәтижелер; білім беру мазмұнының құрамы мен құрылымы, оқу жүктемесінің көлемі; оқушылардың оқу жетістіктерін бағалау тәсілдері белгіленген.

Ұзақ мерзімді және орта мерзімді жоспарлар – белгілі бір пән бойынша сәйкесінше бір оқу жылы және бір тоқсан аясында білім беру үдерісін ұйымдастыруға арналған оқу жоспарлары. Онда оқу мақсаттары, күтілетін нәтижелер; тараулар мен бағдарлама тақырыптарының мазмұны; білім беру үдерісін ұйымдастыруға қажетті оқу-әдістемелік ресурстар тізімі көрсетілген.

Пәннің қысқа мерзімді жоспары – оқыту мақсаттары (мұғалімнің іс-әрекеттеріне қатысты нұсқаулық) мен оқу мақсаттары (оқушылардың іс-әрекеттеріне қатысты нұсқаулық), ресурстар мен оқу үдерісінің кезеңдері қамтылатын сабақ жоспары.

Бейінді оқыту – оқушылардың қызығушылығы, бейімділігі мен қабілеттері ескерілген білім беру жұмысын ұйымдастыру, саралау және даралау арқылы оқыту үдерісі.

Білім беру қызметі – тұлғаны оқыту, дамыту және тәрбиелеу мәселелері шешілетін білім беру субъектілерінің мақсатты, педагогикалық тұрғыдан негізделген, сабақтаса құрылатын өзара қарым-қатынас жасау үдерісі.

Күтілетін оқу нәтижелері – оқушылардың даму көрсеткіштері болып табылатын және тұлғаның, қоғам мен мемлекеттің алдағы уақыттан күтетін жетістіктерін көрсететін білім берудің (білім беру мен тәрбиелеудің) ұзақ мерзімді және орта мерзімді мақсаттарының көп деңгейлі жүйесі. Олар оқушылардың білім берудің ортақ мақсаттарына қол жеткізу барысындағы жетістіктерін бақылауға мүмкіндік береді.

Критериалды бағалау – айқындалған критерийлер негізінде оқушылардың нақты қол жеткізген оқу нәтижелерін күтілетін оқу нәтижелеріне сәйкестендіру үдерісі.

Қалыптастырушы бағалау – оқу үдерісі барысында жүргізілетін, мұғалім мен оқушылар арасында кері байланысты қамтамасыз ететін және оқуды уақытылы түзетуге мүмкіндік беретін бағалаудың бір түрі.

Жиынтық бағалау – оқу бағдарламаларының тарауларын/пәнаралық тақырыптарын, белгілі бір оқу кезеңін оқып болған соң (тоқсан, білім деңгейі) жүргізілетін бағалаудың бір түрі.


4. Жалпы ережелер

4.1.         Осы Білім беру бағдарламасы жаратылыстану-математикалық бағыттағы Зияткерлік мектептердегі білім беру құндылықтарын, мақсаттарын, білім беру мазмұны мен білім беру үдерісін ұйымдастырудағы жалпы тәсілдемелерді анықтайтын тұжырымдамалық сипаттағы нормативтік құжат болып табылады.

4.2.         Осы Білім беру бағдарламасы төмендегілерді жүзеге асыруға бағытталған:

–                    қазақстандық және халықаралық білім беру бағдарламаларын кіріктіру бойынша орта білім саласындағы ДББҰ саясатын іске асыру;

–                    білім беру үдерісін қазақ, орыс және ағылшын тілдерінде ұйымдастыру арқылы Зияткерлік мектептерде үш тілді білім беруді жүзеге асыру;

–                    күтілетін оқу нәтижелері түрінде ұсынылған мақсаттар жүйесін анықтау арқылы оқу сапасын арттыру;

–                    жаратылыстану-математикалық білімді академиялық және практикалық тұрғыдан бағдарлауды, әсіресе, оқушылардың ғылыми-зерттеу және танымдық тәсілдер туралы білім негіздерінің жоғары мектепте меңгерілуін қамтамасыз ету;

–                    оқушылардың жас ерекшеліктерін ескере отырып, оқу пәндері мазмұнының тереңдігі мен күрделілігіне сәйкес пән бойынша игерілетін білім мен дағдыларды кезең-кезеңмен меңгерту;

–                    тұлғаны дамыту үшін қолайлы жағдайлар жасап, жайлы орта құру арқылы білім беру үдерісінде тәрбиелік компоненттің рөлін арттыру;

–                    мектепке дейінгі білім, бастауыш, негізгі, жоғары мектеп және жоғары білім бағдарламаларының сабақтастығын қамтамасыз ету;

–                    Қазақстандағы білім сапасын арттыру арқылы еліміздің экономикалық және әлеуметтік дамуына атсалысу.

4.3.         Білім беру бағдарламасы төмендегілерді әзірлеуге негіз болады:

–           бастауыш, негізгі және жоғары мектеп пәндері бойынша оқу бағдарламалары;

–           пәндер бойынша оқу жоспарлары (ұзақ мерзімді, орта мерзімді);

–           пәндер бойынша оқулықтар мен оқу-әдістемелік кешендер;

–           оқушылардың пәндер бойынша көрсеткен оқу жетістіктерін бағалауға арналған өлшемдер;

–           Зияткерлік мектептер мұғалімдерінің біліктілігін арттыру бағдарламалары;

–           сондай-ақ Зияткерлік мектептерде білім беру қызметін ұйымдастырумен байланысты басқа да құжаттар.

5.                     Зияткерлік мектептердегі құндылықтар мен оқу мақсаттары

5.1. Білім беру бағдарламасында білімнің маңыздылығын анықтайтын құндылықтар белгіленген. Олардың мәні өзіндік тұлғалық әлеуетін жүзеге асыра алатын, өз өмірінің сапасы мен қоршаған ортаны жақсарта алатын адамды тәрбиелеу ісінен көрінеді. Мына құндылықтар өмірлік бағдар ретінде оқушыға үйлесімді дамыған зиялы тұлға болуға мүмкіндік береді:

–                   ҚҰРМЕТ

–                   ЫНТЫМАҚТАСТЫҚ

–                   ашықтық

–                   ҚАЗАҚСТАНДЫҚ ПАТРИОТИЗМ ЖӘНЕ АЗАМАТТЫҚ ЖАУАПКЕРШІЛІК

–                   ЕҢБЕК ЖӘНЕ ШЫҒАРМАШЫЛЫҚ

–                   ӨМІР БОЙЫ ҮЗДІКСІЗ БІЛІМ АЛУ

5.2 Көрсетілген құндылықтар оқушылардың күнделікті оқу қызметінің арқауы болып, олардың қабілеттерінде көрініс табуы керек:

–           дұрыс шешім қабылдау және қоғам өміріне белсенді атсалысу үшін шығармашылық және сыни тұрғыдан ойлау;

–           коммуникативті болу, ұжым мүшелерімен араласу және олармен жұмыс істеу үшін әртүрлі құралдарды шығармашылық тұрғыдан қолдана білу;

–           қоршаған болмысты объективті түрде көрсету үшін түрлі мәдениеттер мен сан алуан пікірлерге құрметпен қарау;

–           Отан алдындағы өз міндеттерін орындау және Қазақстанның дамуына үлес қосу ісінде жауапты болу, белсенді азаматтық ұстаным таныту;

–           өзіне және өзгелерге құрметпен қарау үшін көпшіл және қамқор болу;

–           кез келген өмірлік жағдай мен мансаптық өсу жолында өз танымының бағытын өз бетінше реттеу үшін өмір бойы үздіксіз білім алуға дайын болу.

5.3. Белгіленген құндылықтар аясында Зияткерлік мектептердің білім беру мақсаттары үйлесімді қалыптасқан, жанжақты дамуға қажетті дағдыларды меңгерген, жоғары білімді, шығармашылық тұлғаны дамытуға қолайлы білім беру кеңістігін құру болып табылады, атап айтқанда:

–           білімді шығармашылық тұрғыдан қолдану;

–           сыни тұрғыдан ойлау;

–           зерттеу жұмыстарын орындау;

–           ақпараттық-коммуникациялық технологияларды (АКТ) пайдалану;

–           коммуникативтік қарым-қатынас әдістерін, оның ішінде тілдік дағдыларды қолдану;

–           топтық және жеке жұмыс;

–            мәселелерді шешу.

Бұл кең ауқымды дағдылар Зияткерлік мектептер түлектеріне өз бойларында жалпы адамзаттық және этномәдени құндылықтарды үйлесімді түрде сіңіре білуге, кез келген өмірлік жағдайға сәйкес функционалды сауаттылық пен бәсекеге қабілеттілікті танытуға мүмкіндік береді.

6.                        Зияткерлік мектептердің білім беру құрылымы

6.1. Зияткерлік мектептерде оқыту үдерісі білім берудің үш деңгейіне сәйкес жүзеге асырылады:

–      бастауыш білім беру бастауыш сыныптарда жүзеге асырылады (1-5-сыныптар);

–      негізгі орта білім беру орта сыныптарда жүзеге асырылады (6-10-сыныптар);

–      жалпы орта білім беру жоғарғы сыныптарда жүзеге асырылады (11-12-сыныптар).

Бұл құрылымда оқушылардың есею кезеңдері, жас ерекшеліктеріне қарай олардың танымының даму мүмкіндіктері ескеріліп, әлемдік білім беру кеңістігінде білім беру үдерісін ұйымдастырудың тиімді тәжірибелері қарастырылады.

6.2.          Бастауыш мектеп (1-5-сыныптар)

Бастауыш мектепте білім берудің негізгі міндеті оқушылардың алғашқы оқу дағдыларын дамыту және пропедевтикалық білімнің қалыптасуын қамтамасыз ету болып табылады. Бұл сыныптарда адам, табиғат және қоғам туралы білім негіздерін меңгеруге, рухани-адамгершілік құндылықтарға тәрбиелеуге, оқушылардың ойлау дағдыларын, шығармашылық қабілеттерін дамытуға, қоршаған ортамен танысып, ондағы өз орнын түйсінуге, өзін тұлға ретінде танытып, зердесін дамытуға қажетті біліктер мен дағдыларды меңгеруге жағдай жасалған.

Оқытудың нормативтік мерзімі – 5 жыл. Ұсынылатын оқушы жасы – 6 жастан 11 жасқа дейін.

 Бұл деңгейді бітіргеннен кейін оқушыларда мыналар қалыптасады:

–          өз бетінше білім алу, оқу;

–          ынтымақтаса қарым-қатынас жасау;

–          пәндік салалар бойынша бастапқы білім;

–          зерттеу жұмысын жүргізудің қарапайым дағдылары.

6.3.          Негізгі мектеп (6-10-сыныптар)

Негізгі мектептің міндеті – оқушыларға қажетті базалық білім негіздерін меңгеруге, жаратылыстану-математика бағыты бойынша өз бетінше оқу, жобалау және зерттеу жұмыстарын үйлестіре отырып, бейінді оқу түрін таңдауға және тұлғалық қасиеттерін дамытуға жағдай жасау.

Нормативтік оқу мерзімі – 5 жыл (6-10-сыныптар). Ұсынылатын оқушы жасы – 12-16 жас.

Негізгі мектепті бітірген оқушылардың бойында мыналар қалыптасады:

–          оқуын жоғары сыныптарда жалғастыруға қажетті негізгі білім, білік және дағдылар;

–          зерттеу жұмыстарын жүргізу дағдылары;

–          шығармашылық және сыни тұрғыдан ойлау дағдылары;

–          ақпараттық-коммуникативтік дағдылар;

–          тәжірибелік жұмыстарды ұйымдастыру дағдылары;

–          академиялық жазылым және таныстырылым дағдылары;

–          топта және жеке жұмыс жасау дағдылары.

6.4.          Жоғары мектеп (11-12-сыныптар)

Жоғары мектепте оқытудың басты міндеті – жаратылыстану-математика бағытында бейінді оқытуды жүзеге асыру және жоғары оқу орындарына түсу үшін оқушылардың академиялық даярлығын қамтамасыз ету. Жоғары мектепте оқушылардың коммуникативтік, әлеуметтік, зерттеушілік дағдылары мен мәселелерді шеше білу қабілеттері белсенді әрі мақсатты түрде дамытылады. Бұл кезеңде оқушыларға өз-өзін тануға және әлеуметтік, азаматтық, кәсіби бағытын анықтауға мүмкіндік беріледі.

Нормативтік оқу мерзімі – 2 жыл (11-12-сыныптар). Ұсынылатын оқушы жасы – 16-18 жас.

Жоғары сыныпты бітіргеннен кейін оқушыларда төмендегідей біліктер мен дағдылар  қалыптасады:

–           өз қызығушылығы мен қабілетіне қарай оқудағы жеке даму траекториясын анықтауға дайын болуы;

–            қазақ, орыс және ағылшын тілдерінде білім алу дағдысы;

–           үздік ұлттық және шетелдік оқу орындарына түсуге дайын болуы;

–           өмір бойы білім алуға, өз-өзін жетілдіруге және өзін-өзі дамытуға ынталы болуы.

7.     Білім салалары бойынша күтілетін оқу нәтижелері

7.1. Күтілетін оқу нәтижелері дегеніміз – әрбір білім саласы бойынша бекітілген ұзақ мерзімді оқу мақсаттарының жүйесі. Олар орта білімнің барлық деңгейлері үшін (бастауыш, негізгі және жоғары мектептер) жалпы түрде ұсынылатын оқытудың жоспарланған соңғы «өнімдері» болып табылады.

7.2. Күтілетін оқу нәтижелері пәндер бойынша оқу бағдарламаларын әзірлеуде негіз болады. Оқу бағдарламаларында берілетін жалпы оқу нәтижелері әрбір сынып бойынша оқытылатын пәндерде және әр пәннің тарауларында нақтыланады, осылайша оқу мақсаттарының көп деңгейлі жүйесін құрайды.

7.3. Күтілетін оқу нәтижелерінің жүйесі оқушылардың мектеп бітіргенге дейінгі ұзақ мерзімді оқу мақсаттарына біртіндеп жетуге мүмкіндік жасайды. Ол үшін оқушылар пәндер бойынша ұзақ, орта және қысқа мерзімге (белгілі бір сабақ) жоспарланған оқу нәтижелеріне қол жеткізуі қажет.

7.4. Оқушылардың ұзақ мерзімді мақсаттарға қол жеткізуі олардың пәндер бойынша алған білімдерін пайдалана отырып, жас ерекшеліктеріне сәйкес кез келген өмірлік жағдаяттарда туындаған мәселелерді шешуге дайын болуымен сипатталады.

7.5. Күтілетін нәтижелерде бірнеше ұқсас пәндерді кіріктіретін әрбір білім беру саласының өзіне тән ерекшеліктері ескерілген.

 Зияткерлік мектептердегі білім мазмұны функционалды білімнің міндетті компоненттері ретінде қарастырылатын 6 білім беру саласын қамтиды: «Тіл және әдебиет», «Математика және информатика», «Жаратылыстану», «Адам және қоғам», «Өнер», «Дене шынықтыру».

7.6. «Тіл және әдебиет» саласы бойынша күтілетін оқу нәтижелері

Оқушы:

–           қазақ, орыс және ағылшын тілдеріде ауызша сөйлеп, жазбаша жаза алады, қажетті ақпаратты (алға қойған мақсатқа сай немесе мәселені шешу үшін қажетті түрде) жинау, іріктеу, өңдеу және жеткізу мақсатында тілдің қызметтерін (тыңдалым, айтылым, оқылым, жазылым) пайдаланады;

–           оқуда да, күнделікті өмірде де контекстке сәйкес өз ойлары мен идеяларын үш тілде, ауызша және жазбаша түрде шығармашыылық тұрғыда жеткізе алады;

–           өмірде кездесетін кез келген жағдаяттарға араласу үшін, қоршаған ортаға деген өзіндік эмоционалдық көзқарасын білдіру үшін коммуникативті дағдыларын дамытады;

–           тілді қоршаған ортаны танудың құралы ретінде, сондай-ақ кез келген қиындықтарды шешуде өз көзқарасын дәлелдеу құралы ретінде қолданады;

–           халықаралық мәдени мұраның бір бөлігі ретінде ұлттық және әлемдік әдебиетті бағалай алады, сондай-ақ әдебиетті өзін дамыту мен жетілдірудің негізі ретінде қарастырады.

7.7. «Математика және информатика» білім саласы бойынша күтілетін оқу нәтижелері

Оқушы:

–           қоршаған ортамен тығыз қарым-қатынаста болу үшін математикалық тілді, заңдар мен заңдылықтарды, терминдер мен ұғымдарды қолдана алады;

–           оқуда және күнделікті өмірде туындайтын жағдаяттар бойынша сындарлы шешім қабылдау, оларды дәлелдеу үшін математикалық ақпарат (формулалар, диаграммалар, кестелер, сызбалар, графиктер) түрлерін сауатты түрде қолдана алады;

–           ақпараттық-коммуникативтік технологиялар негізінде шынайы объектілер мен үдерістердің моделін жасау үшін ақпаратты өңдеп, талдайды және қолдана алады;

–           ауызша және жазбаша жұмыстарда, оның ішінде берілген мәнмәтінде зерттеу жұмысының нәтижелерін дәлелдеу үшін АКТ мен математикалық тілді қолданады;

–           берілген жағдаятта шешім қабылдау мақсатында қажетті математикалық деректерді жүйелейді, математикалық үдерістерді (өлшеу, есептеу, кестелерді, диаграммаларды, графиктерді және т.б. құру және оқу) таңдайды;

–           әртүрлі мәнмәтіндегі практикалық мәселелерді шешу мақсатында мөлшерлік қатынастар мен кеңістіктік формаларды ұсына алады, белгілі шама арқылы белгісіз шаманы анықтап, топтастыра алады.

7.8. «Жаратылыстану» білім саласы бойынша күтілетін оқу нәтижелері.

Оқушы:

–           ғылыми ұғымдарды, тіршіліктің даму заңдылықтарын қолдана алады, қоршаған ортадағы өзінің орнын сезіну үшін тірі табиғаттағы үдерістердің себеп-салдарын, өзара байланысын анықтай алады;

–           табиғи құбылыстар мен үдерістердің, заңдар мен заңдылықтардың мәнін ашып, оларды түсіну үшін тәжірибелік-эксперименттік және зерттеу жұмыстарын жүргізе алады;

–           ғылыми-жаратылыстану білімінің негізін құрайтын ақпараттық ұғымдарды ажыратып, оларды әлем туралы түсініктерін кеңейту мақсатында қолданады;

–           сындарлы шешім қабылдау үшін қоршаған ортадағы өзгерістер арасындағы өзара байланысты ажыратады, адам әрекеттерінің экожүйеге ықпалын анықтайды, сонымен қатар табиғатты қорғаудың қажеттілігін дәлелдеп, аргумент келтіре алады;

–           экологиялық, техногендік факторлар мен адамгершілік нормаларды ескере отырып, қоршаған ортамен өзара әрекеттесу үшін ғылыми-жаратылыстанудан алған білімін өмірдегі тәжірибесімен байланыстыра алады.

7.9. «Адам және қоғам» білім саласы бойынша күтілетін оқу нәтижелері

Оқушы:

–           қоғамның өзекті оқиғалары мен құбылыстарын түсіну үшін қоғамның даму заңдылықтарын, тарихи үдерістердің мәні мен деректердің мазмұнын анықтайтын негізгі ұғымдарды пайдалана алады;

–           қажетті ақпаратты іріктеп, оны нақты бір қоғамдық оқиғаны бағалау және мәселелердің мәнін ашып, қорытынды жасау үшін қолдана алады;

–           қоғамда күнделікті болып жатқан оқиғаларды сыни тұрғыдан бағалап, талдай алады; жағдаяттарды құндылықтар тұрғысынан қарастыра отырып, оларға қатысты өз көзқарасын дәйектей алады;

–           қоғамның өзекті оқиғаларын бағдарлап, «елжандылықты іспен дәлелдеу» керектігін көрсетеді және өзінің белсенді азаматтық көзқарасын жеткізе алады.

7.10. «Өнер» білім саласы бойынша күтілетін оқу нәтижелері.

Оқушы:

–           өнер түрлерін ажырата алады, арнайы терминдер мен ұғымдарды қолдана отырып, олардың ерекшеліктерін сипаттай алады;

–                     көркем музыкалық жұмыстарда өзінің көңіл күйін, сезімін, алған әсерін жеткізу құралдарын қолдана алады;

–                     мәдениет саласындағы заманауи үрдістерге қатысты өзінің көзқарасын білдіру үшін өнер пәні бойынша алған білімін қолдана алады;

–           әртүрлі көркем өнер және музыкалық туындылардың құндылығын зерделеп, талдай алады; оларға қатысты өз көзқарасын түсінікті тілде жеткізе алады;

–           әр дәуірдің ерекшелігіне тән мәдени мұраны түсіну үшін өз ұлты мен әлем халықтарының өнері мен музыкалық мәдениетін бағалай біледі;

–            қолданбалы дағдыларды (модельдеу, сурет салу, ән айту, аспаптарда ойнау, көркем еңбек, дизайн технологиясы) меңгереді;

–           визуалды ақпаратты жазу әдістері мен тәсілдерін біледі, негізгі құралдарын қолдана алады;

–           визуалды ақпарат пен жобалық ұсыныстарды көрсету үшін қол және компьютерлік графиканы қолдана алады.

7.11. «Дене шынықтыру» білім саласы бойынша күтілетін оқу нәтижелері

Оқушы:

–            спорттық-сауықтыру жаттығулардың әртүрлі формалары мен түрлерін адам гигиенасы және дене шынықтырудың негізі ретінде пайдаланады;

–           денені шынықтыру мақсатында сауықтыру әдістерін таңдап, қолдана алады;

–           әртүрлі ақпарат көздерінен денені шынықтыру жайлы қажетті ақпараттарды жинап, оларды жүйелейді, дұрыс талдау жасап, салауатты өмір салтын ұстануда қолданады;

–                     топтық ойындарды өткізу үшін топта және ұжымда өзара әрекеттесу тәсілдері мен ережелерін қолдана алады.

 

8.                Білім мазмұны

8.1. Зияткерлік мектептердің білім беру құрылымы мен құрамы Қазақстан Республикасы орта білім берудің базалық мазмұны мен халықаралық білім беру бағдарламаларын кіріктіру арқылы жасалған.

8.2. Білім беру мазмұны Зияткерлік мектептердің білім беру мақсаттарына, білім салалары мен пән мақсаттарына жетудің құралы болып табылады.

8.3. Зияткерлік мектептердің білім беру мазмұнын анықтау үшін мынадай бағыт-бағдарлар анықталған:

–      білім беру мазмұнының құрылымы мен көлемінің сәйкес келуі, жеке тұлғаның жас ерекшелігіне қарай пәндерді оқытуда бірізділіктің сақталуы;

–      оқушыларды танымның ғылыми әдісі мен зерттеу жұмыстарына, сыни және креативті ойлауға жүйелі түрде баулу қажеттілігі;

–      білім беру мазмұнында пәнаралық байланыстың мақсатты түрде іске асырылуы.

8.4. Зияткерлік мектептердің білім беру мазмұны жаратылыстану-математика бағытындағы пәндерді тереңдетіп оқуға бағытталған. Себебі бұл пәндер тұлғаның зияткерлік әлеуетін дамытудың негізі болып табылады. Математикафизика, химия, биология пәндерін тереңдетіп оқыту оқушылардың зерттеу және жобалық жұмыстарын ұйымдастыру арқылы жүзеге асырылады.

8.5. Зияткерлік мектептердегі білім беру үштілді білім беру бағытында жүзеге асады. Үштілді білім берудің мақсаты – көптілді тұлғаны, яғни үш тілде сөйлей алатын, әртүрлі салаларда тиімді қарым-қатынас орната алатын, өз ұлтының мәдениетін бағалай алатын және басқа ұлттардың мәдениетін түсініп, құрметпен қарайтын Қазақстан азаматын қалыптастыру.

Үштілді білім беру төмендегідей жүзеге асырылады:

1) қазақ, орыс және ағылшын тілдерін деңгей бойынша меңгеруді қамтамасыз ету;

2) пәндерді қазақ, орыс және ағылшын тілдерінде оқу;

3) оқушыларға нақты бір тілді (қазақ тілін) үйретудің ұтымды әдісі ретінде тілдік ортаға ену бағдарламасын қолдану.

Тілдік ортаға ену – білім беру ұйымдарында оқушыны нақты бір тілді меңгеруге, оқу әрекетінде және адамдармен өзара қарым-қатынаста қолдануға ынталандыратын оқу ортасын құру әдісі. Зияткерлік мектептерде тілді үйрету ерте жастан тілдік ортаға ену моделі арқылы, яғни тыңдалым, айтылым, оқылым және жазылым әрекеттерін (толықтай және ішінара) кіріктіру арқылы жүзеге асырылады. Оқушыларды тілдік ортаға ену әдісі арқылы оқыту ата-аналардың таңдауы бойынша жүргізіледі.

 Тілдік ортаға ену жағдайында қоршаған ортаны танудағы оқу мақсаты да, сол мақсатқа жету құралы да қазақ тілі болады. Бастауыш мектептің алғашқы бір жарым жылында қазақ тілі толықтай енгізіледі, себебі оқу қазақ тілінде жүргізіледі. 2-сыныптың 2-жартысынан бастап оқушылар орыс тілін, ал 3-сыныпта ағылшын тілін оқи бастайды.

8.6. Зияткерлік мектептерде білім мазмұны функционалды білімнің міндетті компоненттері ретінде білім берудің 6 саласын қамтиды: «Тіл және әдебиет», «Математика және информатика», «Жаратылыстану», «Адам және қоғам», «Өнер», «Дене шынықтыру». Оқу пәндері мен пән салалары интеграция қағидаттарына негізделген. «Технология» пәні басқа пәндер саласына жататын «Өнер» және «Ақпараттық коммуникациялық технологиялар» пәндерінің мазмұнымен кіріктірілген.

 «Жаһандық перспективалар және жобалық жұмыс» деп аталатын жаңа пән ешбір пәндер саласына кірмейді, себебі бұл пән ең алдымен оқушының зерттеу дағдыларын, сыни ойлау және пәннен тыс дағдыларын дамытуға бағытталған.

Деңгей

Бастауыш сыныптар

Негізгі мектеп

Жоғары мектеп

Сынып

1-5-сыныптар

6-10-сыныптар

11-12-сыныптар

Жасы

6-11 жас

11-16 жас

16-18 жас

Пәндер

«Қазақ тілі мен әдебиеті» (Т1) / «Русский язык и литература» (Я1),

«Қазақ тілі» (Т2) / «Русский язык» (Я2),

«Ағылшын тілі»

«Қазақ тілі» (Т1) / «Русский язык» (Я1), «Қазақ әдебиеті» / «Русская литература», «Қазақ тілі мен әдебиеті» (Т2) / «Русский язык и литература» (Я2),

«Ағылшын тілі»

«Қазақ тілі мен әдебиеті» (Т1) / «Русский язык и литература» (Я1), «Қазақ тілі мен әдебиеті» (Т2) / «Русский язык и литература» (Я2),

«Ағылшын тілі»

«Математика»

«Ақпараттық-коммуникативтік технологиялар»

«Математика»

«Информатика»

«Математика», «Информатика»

«Ғылымға кіріспе»

«Жаратылыстану»

«Биология», «Физика»,

«Химия», «География»

«Биология», «Физика»,

«Химия», «География»

«Дүниетану», «Өзін-өзі тану»

 «Қазақстан тарихы», «Дүниежүзі тарихы», «Құқық негіздері», «Өзін-өзі тану»

«Қазақстан тарихы (Қазіргі

замандағы Қазақстан)», «Экономика»

  

«Жаһандық перспективалар және жобалық жұмыс»

«Өнер»

«Өнер»

«Графика және жобалау»

«Дене шынықтыру»

«Дене шынықтыру»

«Дене шынықтыру»

8.7. Зияткерлік мектептердің барлық білім беру дейгейлеріне оқуға міндетті пәндер, жобалық жұмыстар, таңдау курстары, сыныптан тыс сабақтар енгізілген. Міндетті жобалау жұмыстары оқушының зерттеушілік дағдыларын, бірігіп жұмыс істеу, таныстырылым жасау және сыни ойлау дағдыларын дамытады. Жоғары сыныптарда оқылатын пәндер таңдау бойынша, стандартты және тереңдетілген деңгей бойынша оқытылады.

8.8Бастауыш мектепте білім берудің мазмұны

Бастауыш мектептерде білім берудің мазмұны бастауыш сыныптарда оқытудың басты міндеттерімен анықталады, яғни балаларды оқытып қана қоймай, рухани құндылықтар мен әлеуметтік дағдылардың негізін қалау міндетін қамтиды. Бастауыш мектептерде білім берудің мазмұны оқу, жазу, санау, өз ойын логикалық түрде жеткізу, себеп-салдарды табу сияқты оқушылардың функционалды дағдыларын дамытумен қатар зерттеушілік және шығармашылық қабілеттерін жетілдіруге бағытталған.

 «Тіл және әдебиет» саласына «Қазақ тілі мен әдебиеті» (Т1) / «Орыс тілі және әдебиеті» (Т1), «Қазақ тілі» (Т2) / «Орыс тілі» (Т2), «Ағылшын тілі» пәндері кіреді.

Зияткерлік мектептерде бірінші (ана) тілді оқытуда қазақ/орыс тілінің грамматикалық құрылымдарын оқытатын бұрынғы дәстүрлі әдістен жаңа әдіске көшіп, оқушылардың коммуникативті дағдыларын дамытатын тиімді әдістері қолданылуда. Қазақ/орыс тілі мен әдебиетті біріктірудің себебі, оқушылар әдебиет мәтіндерін барлық төрт тілдік дағдыларды (айтылым, жазылым, оқылым, тыңдалым) дамытуда қолдана алады. Бастауыш мектептің соңына қарай оқушылардың ауызша сөйлеу дағдысы қалыптасып, жазып, оқи алатын болады.

Мектептегі оқыту тіліне байланысты екінші және үшінші тілді (орыс/қазақ тілі және ағылшын тілі) деңгей бойынша оқыту көзделген. Аталған пәндердің мазмұны ойын түрінде және танымдық тапсырмалар арқылы беріліп, оқушылардың тілді үйренуге деген ынтасы мен қызығушылығын дамытуға бағытталған. Мұнда оқушылардың ақпарат алмасу, мәтінмен жұмыс жасау, сөз тіркестері мен сөз өрнектерінің мәнін түсіну, оларды белгілі бір жағдайларда қолдана алу үшін бастапқы коммуникативті дағдылары қалыптастырылады.

«Математика және информатика» білім саласының мазмұны «Математика» және «Ақпараттық-коммуникациялық технологиялар» (АКТ) пәндерінің мазмұнымен кіріктіріліп берілген.

Бастауыш сыныптарда «Математика» пәнінің мазмұны математикалық тіл мен кеңістіктік ойлау, арифметикалық есептерді шығару, ауызша және жазбаша есептеу алгоритмдерін меңгеру, сандық өрнектерді есептеу, мәтіндік тапсырмаларды есептеу, өлшеу арқылы оқушылардың логикалық ойлауы мен өзінің пікірін айту дағдыларын қалыптастыруға бағытталған.

Бастауыш сыныптарда «АКТ»-ны оқытудың басты мақсаты – ақпараттық-коммуникациялық технологиялардың қарапайым құралдарын қолдана алу дағдыларын дамыту, ақпаратты іздеу, таңдау, жеткізу қабілеті мен логикалық ойлау дағдысын қалыптастыру.

«Жаратылыстану» білім саласына «Ғылымға кіріспе» пәні жатады.

Зияткерлік мектептердің басты мақсаты ғылыми-жаратылыстану бағытындағы пәндерді тереңдетіп оқыту болғандықтан, бастауыш мектепте «Ғылымға кіріспе» деп аталатын дербес жаңа пән оқытылады. Бұл пән «Адам-табиғат» жүйесі шеңберінде ғылыми білімнің қарапайым түсініктерінен тұрады. Пәннің мазмұны оқушылардың табиғатына тән қызығушылықты арттыруға, зерттеушілік дағдыларын дамытуға, ой-өрісін кеңейтуге, қоршаған әлем туралы түсінігі мен оны ғылыми танымын дамытуға бағытталған. «Ғылымға кіріспе» пәні негізгі мектептегі «Биология», «Физика» және «Химия» пәндерін оқудың пропедевтикалық курсы болып табылады.

«Адам және қоғам» білім беру саласына «Дүниетану» және «Өзін өзі тану» пәндері кіреді. «Дүниетану» пәнінің мазмұны кіріктірілген пән ретінде «Адам және қоғам» жүйесі шеңберінде пропедевтикалық білім беруге бағытталған. Аталған пән гуманитарлық ғылымдардың негізін қамтиды. Пәннің мазмұны адамзат тарихы, өткен дәуірлердің (кезеңдердің) осы кезге әсері, қоғамдық тәртіптің қалыптасуы, адамдардың отбасындағы және қоғамдағы өзара қарым-қатынасы туралы оқушылардың бастапқы түсініктерін қалыптастыруға бағытталған. Бұл пән негізгі мектептегі «Адам және қоғам» атты білім саласының дербес пәндерін оқуға біртіндеп ауысуға мүмкіндік береді.

«Өзін өзі тану» пәнінің мазмұны оқушы тұлғасының адамгершілік негіздерін, рухани жетілуін, өзіндік табиғи қабілеттері мен шығармашылық әлеуеттерін дамытуға бағытталған.

«Өнер» білім беру саласына музыканы, бейнелеу өнерін, көркем еңбекті кіріктіріп оқытуды көздейтін «Өнер» пәні кіреді. Бұл пән эстетикалық және мәдени тәрбиені ұйымдастырудың біртұтас тәсілдемесіне негізделген.

Пәнді оқыту ән айту, аспаптарда ойнау, табиғи және жасанды дыбыстарды жазу, тыңдау және әрлеу, сурет салу, үлгілеу, бейнелеу, сомдау және т.б. сияқты жеке және топтық іс-әрекет түрлері арқылы жүзеге асырылады. Бұл пән сабақтан тыс уақытта көркемдік-эстетикалық бағыттағы үйірмелермен (би, театр, клубтар және т.б.) тығыз бірлікте оқытылуы қажет.

«Дене шынықтыру» білім беру саласы денсаулықты сақтау және нығайту дағдыларын дамытуға бағытталған оқу курсы арқылы жүзеге асырылады.

8.9. Негізгі мектептің білім мазмұны

Негізгі мектепте білім мазмұны барлық білім салалары бойынша пәндердің жүйелі курсын аяқтау қажеттілігін ескере отырып құрылған. Негізгі мектепте білім беру оқушылардың көзқарастар жүйесін, ұстанымдарын, мінез-құлық нормаларын, өмірлік дағдыларын және қарым-қатынас құзіреттіліктерін қалыптастыруға ықпал етеді.

«Тіл және әдебиет» білім саласына «Қазақ тілі» (Т1) / «Орыс тілі» (Т1), «Қазақ әдебиеті» / «Орыс әдебиеті», «Қазақ тілі мен әдебиеті» (Т2) / «Орыс тілі мен әдебиеті» (Т2), «Ағылшын тілі» пәндері жатады.

Бірінші тіл ретіндегі қазақ және орыс тілдері пәндерінің білім мазмұны оқушылардың қарым-қатынас дағдыларын қалыптастыруға, сөйлесім әрекеттерін түрлі жағдайларда қолдана білуге дағдыландыруға, сауатты жазу дағдысын жетілдіруге, академиялық тілін дамытуға бағытталған.

Бірінші тілдің «Қазақ әдебиеті» және «Орыс әдебиеті» пәндері (мектептегі оқыту тіліне байланысты) жеке пән ретінде оқытылады. Бұл пәндер оқушылардың оқылым дағдыларын дамытуға; дүниежүзілік әдебиет пен мәдениетті оқып білу тәжірибесінің негізінде әлеуметтік бейімделуге көмектесетін білім, білік, дағдыларды меңгеруге; ғылым мен мәдениеттің заманауи дамуына сәйкес әлемге деген тұтас көзқарас қалыптастыруға; қоршаған болмысты тану құралы ретінде әдеби мұраның құндылығын және дүниежүзілік мәдени мұраның бөлігі ретінде ұлттық әдебиеттің құндылығын түсінуге бағытталған.

Қазақ тілі/орыс тілі пәндерінің білім мазмұны оқушылардың қарым-қатынас дағдыларын (мемлекеттік тілде/ұлтаралық қарым-қатынас тілінде) дамытуды көздейді. Аталған пәндердің мазмұны әдебиетпен кіріктірілген. Негізгі мектепті бітіргенде оқушылар оқу әрекетінде де, келешек кәсіби қызметтерінде де түрлі жағдаятқа қарай сөйлеу тілін бейімдей алатын болады. Өз пікірлерін білдіру және негіздеу үшін түрлі ақпарат көздері мен заманауи ақпараттық технологияларды пайдалана білетін болады.

Ағылшын тілі пәнінің білім мазмұны оқушыларға ауызша және жазбаша таныстырылымдардың көмегімен ресми және бейресми қарым-қатынасқа ынталандыратын интербелсенді тапсырмалар арқылы ағылшын тілінде сөйлесуге; жаһандық тақырыптар мен пәндік тақырыптарға берілген күрделі мәтіндердің жалпы мазмұнын түсінуге, жылдам әрі сауатты сөйлеу, өз ойын айта білу дағдыларын қалыптастыруға мүмкіндік береді. Негізгі мектепте ағылшын тілін оқыту жоғары мектепте оқуын одан әрі жалғастыруға және ағылшын тілін білім алу құралы ретінде пайдалануға қажетті деңгейді қамтамасыз етуі керек.

«Математика және информатика» білім саласын «Математика» мен «Информатика» пәндері құрайды.

Негізгі мектептегі «Математика» пәнінің мазмұны қарым-қатынас құралының бірі ретіндегі математикалық ойлау қабілетін; проблемалық жағдайларды математикалық үлгілерге сүйеніп шешу білігін дамытуға бағытталған.

«Информатика» пәні компьютерлік технологияларды сауатты пайдалану дағдыларын дамытумен қатар, барлық басқа пәндерді меңгеруге көмектесетін бағдарламалау дағдыларын, түрлі бағдарламалық қосымшалардың көмегімен жеке және ұжымдық жобаларды орындау дағдыларын дамытуға бағытталған.

«Жаратылыстану» білім саласына «Жаратылыстану», «Биология», «Физика», «Химия», «География» пәндері кіреді.

«География» пәні қоршаған әлемді тану және онымен өзара әрекеттесу құралдарының бірі ретінде географиялық білімді қалыптастыруға бағытталған. Бұл пәннің мазмұны құрлықтар мен мұхиттар табиғатының алуан түрлілігінің, Қазақстанның дүниежүзілік қауымдастықтағы географиялық орналасу ерекшелігінің мәнін ашуға; түрлі карталармен жұмыс істеуде, түрлі оқу және сарамандық тапсырмаларды орындауда географиялық ақпаратты қолдану біліктерін дамытуға бағытталған.

«Жаратылыстану» пәнін меңгеру 6-сыныпта аяқталады. 7-сыныптан бастап «Биология», «Физика» және «Химия» пәндерін оқыту қатар жүреді. Бұл пәндердің оқу бағдарламалары оқушыларға өздерінің бейімділіктерін анықтап, болашақ мамандығы үшін жоғары мектепте тереңірек оқуды қажет ететін пәндерді таңдауға мүмкіндік береді.

«Биология» өсімдік пен жануар ағзаларының құрылысы мен қасиеттерінің және тірі ағзалардың алуан түрлілігінің ерекшеліктерін ашуға, экологиялық факторлар мен олардың тірі ағзаларға әсерін, адам мен оны қоршаған тірі әлемнің өзара байланысын анықтауға, адамның сол әлемдегі орны туралы түсінігін дамытуға бағытталған.

«Физика» пәнінің мазмұны физикалық заңдар мен заңдылықтардың мәнін түсіндіру арқылы оқушылардың әлемнің ғылыми бейнесі туралы білімін тереңдетуді көздейді. Негізгі мектеп оқушыларының танымдық мүмкіндіктеріне сүйене отырып, материя тіршілігінің нысаны (зат пен өріс, макро- және микро-әлемнің бірлігі), олардың өзара әрекеттесуі және табиғаттағы көрінісі туралы ғылыми түсінік қалыптастырылады. Оқушылардың ғылыми танымдық дағдылары, атап айтқанда, бақылау, ғылыми тәжірибе жүргізу, үлгілеу дағдыларын дамытуға арналған құралдарды қолдану көзделеді.

«Химия» пәнінің мазмұны оқушыларға заттардың алуан түрлілігі мен олардың химиялық құрамы туралы жеткілікті білім мен түсінік алуға, химиялық үдерістердің, заңдар мен заңдылықтардың мәнін түсініп, оларды өмірде қауіпсіз түрде қолдануға мүмкіндік береді. Бұл пән оқушылардың табиғаттағы химиялық құбылыстарды зерттеу біліктерін қалыптастырады, соның нәтижесінде оқушылар кез келген жағдайға сыни көзбен қарауға, тәжірибелік зерттеу жұмыстарын жасауға, деректерді жинап, талдауға, зерттеу жобасының нәтижелерін өңдеуге үйренеді.

«Адам мен қоғам» білім саласын «Қазақстан тарихы», «Дүниежүзі тарихы», «Құқық негіздері», «Өзін-өзі тану» пәндері құрайды.

«Қазақстан тарихы» мен «Дүниежүзі тарихы» пәндері әлемнің тарихи бейнесін қалыптастыруға көмектесетін оқу ортасын құруға, адамзат сан ғасырлар бойы жинақтаған моральдық-адамгершілік құндылықтарды бойына сіңіруге деген талпынысты тәрбиелеуге бағытталған. Бұл пәндер өткен оқиғаларды түсіну және зерделеу, түрлі дереккөздерден алынған оқу материалдарын талдау және жүйелеу негізінде оқушылардың тарихи ойлау дағдыларын дамытады.

«Құқық негіздері» пәні 9-сыныпта оқытылады. Аталған пәнді 9-сыныпта оқыту қажеттілігін екі себеппен түсіндіруге болады. Біріншіден, оқушыларды 10-сыныпта шектен тыс жүктемей, сыртқы бағалау жүргізілетін пәндерді оқуға жеткілікті уақыт қалдыру қажет. Екіншіден, «Құқық негіздері» міндетті пәнін оқу негізгі мектепте аяқталуы тиіс. Бұл пәннің мазмұны қоғамның мұраттары мен құндылықтары: адам құқықтары, демократия, азаматтық қоғам және құқықтық мемлекет, биліктің бөлінісі, заңдылық және құқықтық тәртіп туралы оқушылардың түсінігін дамытуға бағытталған. Бұл пәнді меңгеру негізінде оқушылардың оқиғаларға деген өзіндік көзқарасын айқындау білігі қалыптасып, сол арқылы белсенді азаматтық ұстанымы мен патриоттық сезімі тәрбиеленеді.

«Өзін-өзі тану» пәні оқушылардың өзіндік ұстанымы мен өмірлік тәжірибесіне сүйене отырып, өзін өмірде толық көрсете білу және өзін-өзі сыйлау, өзін-өзі түсіну сезімдерін тәрбиелеу үшін жағдайлар жасауға бағытталған.

«Өнер» білім саласы. Негізгі мектепте музыка, бейнелеу өнері, дизайн және технология пәндерін кіріктіре оқыту жалғасады. Бұл кіріктірілген курс өнер мен шығармашылықтың нақты түрлері бойынша практикалық іс-әрекет негізінде эстетикалық талғам мен көркем мәдениетті дамытуға бағытталған.

«Дене шынықтыру» білім саласына «Дене шынықтыру» пәні жатады. Бұл пән оқушылардың күнделікті өмірде салауатты өмір салтын сақтау дағдыларын дамытуды көздейді.

8.10. Жоғары мектептегі білім мазмұны

 Жоғары мектептің негізгі міндеті оқушыларды жоғары оқу орындарына дайындау болып табылатындықтан, білім мазмұны да осыған бағытталған. Сол себепті білім мазмұнында оқушылардың әлеуметтік дағдылары мен өмірге бейімділігін дамытуға, олардың өз мүдделері мен қызығушылықтарын сезініп, өздерінің келешек өмірлік жолын дұрыс таңдауына жағдай жасауға ерекше көңіл бөлінген. Жалпы алғанда, жоғары мектептегі білім мазмұнының функционалдық тұрғыдан толыққандылықты алты білім саласына кіретін барлық оқу пәндерінің қамтылуы есебінен қамтамасыз етіледі.

«Тіл және әдебиет» білім саласына «Қазақ тілі мен әдебиеті» (Т1), «Орыс тілі мен әдебиеті» (Т1), «Қазақ тілі мен әдебиеті» (Т2), «Орыс тілі мен әдебиеті» (Т2) және «Ағылшын тілі» пәндері кіреді.

«Қазақ тілі мен әдебиеті» (Т1) және «Орыс тілі мен әдебиеті» (Т1) пәндерінің мазмұны оқушылардың жазбаша және ауызша хабарламаларды түсіну, түрлі стиль мен жанрдағы мәтіндерді құрастыру дағдыларын қалыптастырады; коммуникативтік мақсатқа және ауызша, жазбаша сөйлеу нормаларына сәйкес тіл құралдарын дұрыс таңдау, күрделілік деңгейі әртүрлі көркем шығармаларды терең түсіну және түсіндіру дағдыларын жетілдіреді; көркем әдеби мәтінді толық қабылдау, түсінуге негіз болатын эстетикалық және теориялық-әдеби ұғымдарды қалыптастырады. Бұл пәндер оқу әрекеті, қоғамдық-пайдалы, оқу-зерттеушілік, шығармашылық және басқа да әрекеттер барысында оқушылардың кез келген адаммен диалогке түсе алу, сұхбаттасушысының ойын түсіне білу дағдысын дамытуға бағытталған.

«Қазақ тілі мен әдебиеті» (Т2) және «Орыс тілі мен әдебиеті» (Т2) пәндерінің оқу бағдарламалары ауызша және жазбаша тілдегі қарым-қатынас дағдыларын, түсініп, мәнерлеп оқу дағдыларын дамытуға, қазақ, орыс және басқа халықтардың мәдени құндылықтарын түсініп, ұғынуға бағытталған.

«Ағылшын тілі» пәнінің білім мазмұны ағылшын тілінің көмегімен түрлі білім салаларынан өздігінен білім алуға дайындайды; ағылшын тілінде жобалық-зерттеушілік жұмыс жүргізу тәжірибесін меңгеруді көздейді.

«Математика және информатика» білім саласы «Математика» мен «Информатика» пәндері арқылы ұсынылған.

Жоғары мектептегі «Математика» пәнінің мазмұны шынайы өмірде сызбаларды, суреттерді және схемаларды құрастыру барысында индукция мен дедукцияны қолдану, жалпылау және нақтылау, талдау және жинақтау, жіктеу және жүйелеу, пікірлерді тұжырымдай, негіздей және дәлелдей білу, математикалық ұғымдарды, формулаларды және тереңдетілген кеңістіктік көзқарастарды қолдану негізінде математикалық ойлау стилін дамытуға бағытталған. Жоғарыда аталған барлық дағдылар жоғары оқу орнында білім алуын жалғастыру үшін аса қажет.

Саралау және Зияткерлік мектептердің жоғары сынып оқушыларына болашақ мамандығына байланысты пәнді оқу деңгейін таңдау еркіндігін беру мақсатында «Математика» пәні екі бағдарлама бойынша оқытылады: бірінші оқу бағдарламасы бойынша апталық жүктеме – 7 сағат, екіншісінде апталық жүктеме – 10 сағат.

Апталық жүктемесі 7 сағатты құрайтын оқу бағдарламасы ҚР МЖМБС-тың жаратылыстану-математикалық бағытындағы «Алгебра және талдау негіздері» және «Геометрия» пәндері бойынша оқу бағдарламаларының мазмұндарын толық қамтиды. Апталық жүктемесі 10 сағатқа есептелген оқу бағдарламасына жоғары деңгейдегі математикалық дайындықты талап ететін мамандықтар бойынша оқушылардың отандық және халықаралық жоғары оқу орындарында білім алуына жағдай жасау мақсатында бірқатар қосымша тақырыптар енгізілді.

«Информатика» пәнінің білім мазмұны жобалық жұмыс жасау, заманауи бағдарламалық құралдардың көмегімен әртүрлі ақпараттық нысандармен жұмыс істеу, сондай-ақ компьютерлік үлгілер құру және оны ұжыммен жүзеге асыру дағдыларын меңгертуге бағытталған.

«Информатика» пәнін меңгеруде оқушылар стандартты және тереңдетілген деңгейді таңдай алады. Аталған пән стандартты деңгейде 11-сыныпта аптасына 3 сағаттық, 12-сыныпта аптасына 1,5 сағаттық (тек 1-жартыжылдық бойы аптасына 3 сағат) көлемде жүргізіледі. Стандартты деңгей оқушыларға болашақта таңдаған мамандығы бойынша жоғары оқу орындарында білім алуға және «Информатика» пәнімен байланысы жоқ болашақ кәсіби қызметтеріне қажет болатын ақпараттық технологияларды қолдануға және программалау бойынша негізгі дағдыларды игеруге мүмкіндік береді.

Тереңдетілген деңгейде «Информатика» пәні 11- және 12-сыныптарда аптасына 6 сағат жүктемемен оқытылады. Пән оқушылардың A-level деңгейіне жетуіне бағытталған. Бұл курсты өздерінің келешек оқуын информатикамен байланыстыратын оқушылар таңдай алады.

«Жаратылыстану» білім саласының құрамына «Биология», «Физика», «Химия», «География» пәндері кіреді.

«Биология» оқушының ғылыми көзқарасын және жаратылыстану тұрғысынан ойлау қабілетін, тірі табиғат тіршілігінің құбылыстары мен үдерістерінің заңдары мен заңдылықтарының мәні туралы түсінігін қалыптастыруға және дамытуға бағытталған. Бұл пән жануарлар мен өсімдіктер әлемінің эволюциясын түсіну, адам әрекетінің қоршаған ортаға әсерін ұғыну негізінде органикалық әлемнің тұтас бейнесін қалыптастыруға бағытталған. Биологиялық үдерістердің өзара байланысы мен өзара әсерін түсіну, экожүйенің бұзылу проблемаларын талдай білу негізінде оқушылар меңгерген биологиялық білімін күнделікті өмір жағдайларына сай қолдануға дағдыланады.

«Физика» пәні қоршаған әлемнің мәнін түсіну, экологиялық, техногендік және ақпараттық факторларды ескеріп, онымен өзара әрекеттесу үшін құбылыстар мен үдерістердің физикалық үлгілерін қолдану білігін дамытуды мақсат етеді. «Физика» табиғат құбылыстарын терең түсінуді көздейтін ғылыми көзқарас негіздерін қалыптастыруға, сонымен қатар қоршаған әлемдегі ғылыми мәселелерді ұғыну үшін сыни тұрғыдан ойлау қабілетін қалыптастыруға және дамытуға бағытталған.

«Химия» оқушылардың қоршаған ортадағы өзгерістер мен табиғаттағы, адам тіршілігіндегі химиялық үдерістердің себеп-салдарлық байланыстары туралы түсінігін, берілген контекстегі ғылыми тәжірибелік зерттеуді жоспарлау және олардың нәтижесін көрсету жолдарын ұсына білу білігін дамытуға бағытталған. Химияны меңгерудің негізі болып табылатын ғылыми эксперименттер оқушылардың танымдық белсенділігін арттыруға, талдау, проблемалық жағдайлардың шешімін өз бетінше іздеу қабілеттерін дамытуға көмектеседі. Бұл пән гипотеза әзірлеуді, әдістерді талдауды, ғылыми эксперимент жүргізуді, тәуекелдерді бағалауды, қорытындыларды тұжырымдауды, жіберілген қателерді бағалауды қамтитын оқушылардың жобалау білігін дамытуға мүмкіндік береді.

«География» оқушылардың әлемнің географиялық бейнесі туралы көзқарастарын кеңейту мақсатында олардың географияның ақпараттық-ұғымдық өрісін пайдалану білігін дамытуға бағытталған.

Оқушылар «Биология», «Физика» және «Химия» пәндерін оқудың стандартты және тереңдетілген деңгейін таңдай алады.

Тереңдетілген деңгейде «Биология», «Информатика», «Физика», «Химия» пәндерінің екеуі 11- және 12-сыныптарда аптасына 6 сағаттық жүктемемен оқытылады. Бұл курстар оқушылардың A-level деңгейіне жетуіне көмектеседі. Оқушылар ерте кәсіби бейімделу және оқуын тиісті мамандықтар бойынша жоғарғы оқу орындарында жалғастыру мақсатында екі пәнді таңдай алады.

         Стандартты деңгейде «Биология», «Физика», «Химия», «География» пәндерінің бірі (таңдау бойынша бір пән) 11-сыныпта және 12-сыныптың бірінші жартыжылдығында аптасына 3 сағаттан оқытылады. Осылайша, оқушыларға жаратылыстану-ғылыми бағыттағы үш пәнді (екеуін тереңдетілген деңгейде және біреуін стандартты деңгейде) оқу мүмкіндігі беріледі.

«Адам және қоғам» білім саласы «Қазақстан тарихы» («Қазіргі әлемдегі Қазақстан»), «Экономика» пәндерін қамтиды.

«Қазақстан тарихы» (Қазіргі әлемдегі Қазақстан)» – азамат тұлғасын қалыптастырушы пәндер циклының аяқтаушы курсы болып табылатын кіріктірілген пән, ол оқушылардың жаһандық қоғам шеңберінде заманауи Қазақстанның дамуы мен тарихи мұрасы туралы білімін қалыптастырады. Бағдарлама мазмұны еліміздің өткені мен заманауи тарихының ең маңызды аспектілерін қарастырады, сонымен қатар негізгі мектептегі Қазақстан тарихын оқу барысында қалыптасқан білім, білік және дағдыларға сүйенеді. Оған қоса, бағдарламаның мазмұны заманауи Қазақстанның ішкі және сыртқы саясатына, экономикалық және мәдени дамуына, елдегі әлеуметтік қарым-қатынастарға қатысты бөлімдерді қамтиды. Ол, өз кезегінде, «Саясаттану», «Әлеуметтану», «Экономика», «Мәдениеттану» сияқты пәндер бойынша бастапқы білімді меңгеруді талап етеді. Бұл пән әрбір азаматтың Қазақстанның даму перспективалары үшін өз жауапкершілігін түсінуіне және сезінуіне көмектеседі, мемлекеттің одан әрі қарқынды дамуына өз үлесін қосуға дайын болуға тәрбиелейді.

«Экономика» пәнінің оқу бағдарламасының мазмұны микро- және макро-экономиканың негіздерін түсіну арқылы әлеуметтік-экономикалық оқиғаларды жергілікті, ұлттық және дүниежүзілік деңгейде сауатты түсіндіре білуге, сонымен қатар экономикалық және қаржылық сауаттылықты талап ететін ұтымды шешімдер қабылдауды нақты негіздей білуге бағытталған практикалық дағдыларды дамытуды мақсат етеді. Оқушылар пәнді оқу барысында зерттеу жұмысына қажетті статистикадағы есептеу дағдыларын дамыту үшін мәтіндік, графикалық және сандық форматта алынған деректерді бағалауды үйренеді.

Жоғары мектепте «Өнер» білім саласы «Графика және жобалау» пәні арқылы ұсынылған.

«Графика және жобалау» пәні кіріктірілген курс болып табылады, ол бірқатар пәнді мақсат-міндеттеріне сәйкес заманауи талаптарға сай біріктіру мақсатын көздейді. Бұл пәннің негізгі мақсаты – оқушыларды бейнелеу теориясының негіздерімен, жобалау және графикалық үлгілеу әдісінің заңдылықтарымен таныстыру және оны меңгерту; жобалық, шығармашылық жұмыс жасау дағдыларын дамытуға, олардың графикалық мәдениетін, дәстүрлі және заманауи графика құралдарымен жұмыс жасау дағдыларын қалыптастыруға ықпал ету. Бұл пән тұлғаның шығармашылық қасиеттерін дамытады, политехникалық және функционалдық графикалық сауаттылығын қалыптастырады, жобалық-конструкторлық әрекет негіздерімен таныстырады және болашақ мамандық таңдауына бағдар береді.

«Дене шынықтыру» білім саласына «Дене шынықтыру», «Алғашқы әскери дайындық» пәндері кіреді. Бұл пәндер физикалық дайындық деңгейін көтеру мақсатында сауықтыру әдістемелерін орынды қолдана білу дағдысын дамытуға, алғашқы әскери дайындық бойынша бастапқы білім мен білікті қалыптастыруға бағытталған. Жоғары мектептегі «Дене шынықтыру» пәнінің мазмұны топтық спорт түрлерімен айналысуды көздейді. Мұндай спортпен айналысу барысында оқушылардың физикалық дайындығымен қатар топтық өзара әрекеттесу дағдыларын дамытуға зор көңіл бөлінеді.

8.11. Жоғары мектепте «Жаһандық перспективалар және жобалық жұмыс» пәні енгізіледі, бұл пән мазмұнын білуге емес, зерттеу дағдыларын дамытуға бағытталған. Аталған пән оқушының өзіндік көзқарасын және жеке пікірін қалыптастырып, дамытуға көмектесетін кең ауқымды мәселелерді қамтиды. 11-сыныпта оқушылар тұжырымдарды, дәлелдер мен пікірлерді талдау және бағалау; мәнмәтінді түсіндіру, сыни тұрғыдан талдау және деректерді дәлелдеу; өзіндік рефлексия; зерттеу нәтижелерін тиімді ұсына білу сияқты дағдыларды меңгереді.

8.12. Жоғары мектепте білім мазмұны оқушыларға таңдау мүмкіндігін беру есебінен оқу пәндерінің санын азайтуды көздейді. Жоғары мектепте міндетті оқу пәндерінің санын азайту оқушылардың келешекте жоғарғы оқу орындарында білім алуға мақсатты түрде дайындалуына мүмкіндік береді.

8.13. Оқушылардың жеке қызығушылығы мен мүдделерін ескере отырып, оқытудың екі деңгейіндегі оқу пәндерін таңдаудың оңтайлы жүйесі ұсынылады. Оқушы жоғарғы оқу орнына түсуге қажетті оқу пәндерін тереңдетілген деңгейден де, стандартты деңгейден де өз қалауымен таңдайды. Стандартты деңгейге қарағанда тереңдетілген деңгейдің сағат саны көбірек болады, мұнда бейінді пәндер оқытылады. Стандартты деңгейде бейінді пәндер оқытылады. Бұл жағдайда кейбір таңдалған пәндерді оқу 11-сыныпта аяқталуы мүмкін. Оқушылар тереңдетілген деңгейден 2 пәнді және стандартты деңгейден 1 пәнді таңдай алады.

Ескерту:

*математика пәні бойынша 10 сағаттық бағдарламаны таңдаған оқушы стандартты деңгейдегі пәнді таңдаудан босатылады.

** түстен кейін міндетті түрде командалық спорт түрлерімен айналысуға 1 сағат уақыт бөлінеді.

Үлгі 2017-2018 оқу жылының басынан 11-сыныптан бастап енгізіледі.

 8.14. «Назарбаев Зияткерлік мектептері» ДББҰ Басқармасының 2013 жылдың 13 тамызындағы шешімімен (№44 хаттама) бекітілген Назарбаев Зияткерлік мектептеріндегі Үштілді білім беру саясатына сәйкес жоғары мектепте пәндер қазақ, орыс және ағылшын тілдерінде оқытылады.

«Қазақстан тарихы» («Қазіргі әлемдегі Қазақстан») және «География» пәндері қазақ тілінде оқытылады. Кіріктірілген әдебиет пен тіл курстары (бірінші және екінші тіл) қазақ және орыс тілдерінде оқытылады.

«Математика» мен «Графика және жобалау» пәндері оқыту тіліне байланысты бірінші (қазақ және орыс) тілде оқытылады.

«Физика», «Химия», «Биология», «Информатика», «Экономика», сондай-ақ «Жаһандық перспективалар мен жобалық жұмыс» пәндері ағылшын тілінде жүргізіледі. Тереңдетілген, сондай-ақ стандартты деңгейде таңдау бойынша оқытылатын пәндер («Физика», «Химия», «Биология», «Информатика») ағылшын тілінде өтеді.

   9. Пәнді меңгеру нәтижелерін бағалау тәсілдемелері «______________»

Пәнді меңгеру нәтижелерін бағалау критериалды бағалау жүйесі негізінде жүзеге асырылады.

Критериалды бағалау – алдын ала әзірленген критерийлер негізінде оқушылардың нақты қол жеткізген оқу нәтижелері мен күтілетін оқу нәтижелерін салыстыру.

Критериалды бағалау оқыту мен бағалаудың өзара байланысына негізделген. Критериалды бағалаудың нәтижелері оқу үдерісін тиімді жоспарлау және ұйымдастыру үшін қолданылады.

Критериалды бағалау жүйесі қалыптастырушы және жиынтық бағалауды қамтиды.

Қалыптастырушы бағалау үздіксіз жүргізіліп, мұғалім мен оқушылардың арасындағы кері байланысты қамтамасыз етеді, оқу үдерісін уақтылы түзетіп отыруға мүмкіндік береді.

Жиынтық бағалау оқу бағдарламаларының бөлімдері/ортақ тақырыптары, белгілі бір оқу кезеңі (тоқсан, білім беру деңгейі) аяқталғаннан кейін жүргізіледі.

  10. Зияткерлік мектептердегі оқу үдерісін ұйымдастыру

10.1. Зияткерлік мектептердің білім беру үдерісінде оқыту мен тәрбиелеудің бірлігі қағидаты жүзеге асырылады. Ол Зияткерлік мектептердің құндылықтары мен білім беру мақсаттарына негізделген. Бұл қағидаттың жүзеге асырылуы «мектеп бітіргендегі» күтілетін нәтижелер жүйесінен және білім беру салалары бойынша оқу нәтижелерінің көпсатылы жүйесінен байқалады. Ол бағдар ретінде күнделікті оқыту және тәрбиелеу үдерістерін білім берудің ортақ логикасына бағындырады және «мектепте оқу не үшін қажет?» деген сұрақтың мәнін ашады. Күтілетін оқу нәтижелері оқытудың, сондай-ақ тәрбиелеудің мазмұндық негізін анықтайды.

10.2. Оқыту барысында әрбір оқу пәнінің құралдары арқылы тәрбие мәселелері шешімін табады (оқыта отырып тәрбиелеу). Тәрбие жұмысының барлық түрлері оқушылардың субъективті жаңа білім алуы және оны меңгеру мәселелерін шешуге бағытталған (тәрбиелей отырып оқыту). Сабақтан тыс тәрбие жұмыстарының түрлі формаларын ұйымдастыру азаматтық-патриоттық, рухани-адамгершілік, мәдени-эстетикалық және еңбек тәрбиесін жүзеге асырады. Зияткерлік мектептердегі тәрбие жұмысының бүкіл жүйесі (оқу, сабақтан тыс, мектептен тыс) оқыту үдерісімен қатар оқушыларға кәсіби бағдар беру мақсатын жүзеге асырады, сондай-ақ оқушылардың денсаулығын нығайтуға, зияткерлік қабілеттері мен шығармашылық әлеуетін дамытуға, өз елінің тағдыры және өркендеуі үшін үлес қоса алатынына деген сенімділігін қалыптастыруға көмектеседі. Қауымдастықпен серіктестікке негізделген тәрбие жүйесі мектептегі, сондай-ақ мектептен тыс бүкіл мәдени-шығармашылық жұмысты қамтиды.

10.3. Білім беру үдерісін ұйымдастыруда оқушылардың негізгі әрекеті оқу әрекеті болып табылады және оқу әрекетіне басымдық беріледі. Оқу әрекеті оқытудың интербелсенді әдістерін қолдануды көздейді, ол оқушылардың ізденуіне, мәселелерді белсенді талқылауына, көзқарасын дәлелдеуіне, ұтымды шешім қабылдауына ынталандыра отырып, өз бетінше тәжірибе жинақтауына мүмкіндік береді.

Қай тұрғыдан алғанда да (танымдық, әлеуметтік) оқушының белсенділігі өз-өзінен пайда болмайды, ол өзі сияқты басқа оқушылармен және мұғалімдермен өзара қарым-қатынас жасау барысында жүзеге асады. Түрлі интербелсенді әдістер, жеке болсын, басқа әдістермен үйлестірілген болсын, қарым-қатынас кезінде өктемшілікке жол бермей, оның барлық қатысушыларына ынтымақтаса оқуға жағдай жасайды.

10.4. Оқушылардың танымдық әрекетін ұйымдастырудың арнайы формасы ретіндегі интербелсенді әдістер шығармашылық ізденіс барысында олардың оқу ақпаратын меңгеруіне көмектеседі, бірлескен әрекеттің соңғы табысты нәтижесіне оқу үдерісінің барлық қатысушыларының қол жеткізуіне мүмкіндік береді. Соның нәтижесінде танымдық үдеріс қауымдасу мен ынтымақтасудың одан да жоғары деңгейіне көтеріледі, өйткені әрбір қатысушы күтілетін нәтижені алу үшін өз үлесін қосады, білімімен, идеяларымен, жұмыс әдістерімен алмасады.

10.5. Интербелсенді әдістерді қолдану оқытуды репродуктивті оқу әрекеті кезіндегі жай қарым-қатынастан нақты шығармашылық әрекет барысындағы әлеуметтік қарым-қатынас үлгісіне айналдыруға мүмкіндік туғызады. Шартты түрде тренингтік, диалогтік және рефлексивтік болып топтастырылған интербелсенді әдістерді мұғалім оқушылардың жас ерекшеліктерін, нақты оқу материалының мазмұнының дидактикалық мүмкіндіктерін ескере отырып, шығармашылық түрде пайдалана алады.

10.6. Оқушылардың жобалау, ғылыми-зерттеу әрекеттерін дамытуда жүйелілікті қамтамасыз ету Зияткерлік мектептерде білім беру үдерісін ұйымдастырудың негізгі ұстанымдарының бірі болып табылады. Оқушылардың жобалау және ғылыми-зерттеу жүргізу қабілеттері мақсатты түрде дамытылып отырса, бұл олардың өздігінен жұмыс істеуге деген белсенділігін арттырады, зияткерлік әлеуеттерін ашады, оларды өзінің өмірлік мақсатын анықтауға және сол мақсатқа жету жолын адамгершілік, моральдық нормаларға қайшы келмейтіндей сауатты ойластыруға ынталандырады. Жобалау және ғылыми-зерттеу әрекеті арқылы оқушылар тек міндетті оқу пәндері шеңберінде ғана емес, сондай-ақ сабақтан тыс жұмыстарды ұйымдастыру барысында да жаңа білім алады. Оқушылардың осы сипаттағы әрекеті олардың сыни тұрғыдан ойлау, ақпараттық кеңістікте жөн табу қабілеттерін дамытады. Жобалар мен зерттеулерді орындау барысында оқушылар білімдерін өз бетінше құрастырады, ғылыми таным үдерісін ғылыми білім алу, негізгі ғылыми ұғымдарды түсіну қажеттілігіне бағыттайды, бүкіл білімі мен біліктерін нақты ғылыми проблемаларды шешуге жұмылдырады.

10.7. Жобалық жұмыс оқушының жоспарланған нәтижеге қол жеткізуіне бағытталған іс-әрекетін өз бетінше ұйымдастыруын көздейді. Оқушылар жобаны жүзеге асыру үшін түрлі пәндік білімін, біліктері мен дағдыларын, АКТ пайдалану дағдыларын және жинаған өмірлік тәжірибелерін жұмылдырады. Жобалау, оның соңғы нәтижесін алу үшін оқушылар түрлі әдіс-тәсілдерді қолдануы, әртүрлі ақпарат көздеріне жүгінуі, жауапты шешім қабылдауы қажет. Ұйымдастыру тұрғысынан қарағанда, оқушылардың жобалау әрекеті өзіндік дербес жұмыс, шағын топтардағы жұмыс, әлеуметтік бағдарлы топтық жоба және ірі жоба түрінде жүзеге асырылады. Мазмұндық тұрғыдан алғанда, оқушылардың жобалау әрекеті пәндік, пәнаралық сипатқа ие болуы мүмкін және оқу, сондай-ақ оқудан тыс материалдарды пайдалануға бағытталуы мүмкін. Жобалар оқу мақсатындағы ғана емес, тәрбиелік сипаттағы жобалық жұмыс ретінде де жүзеге асырылуы мүмкін.

10.8. Жаратылыстану-математика бағытындағы пәндерді оқу барысында оқушылардың жобалық жұмысы негізгі және жоғары мектепте айқын байқалатын ғылыми-зерттеу сипатына ие болады. Оқушылардың жас ерекшеліктеріне сәйкес ұйымдастырылған ғылыми-зерттеу жұмысы жалпы сауаттылықты қалыптастырудың шешуші факторына айналады. Зерттеу жұмыстары оқушыларға ойлау және талдау, фактілерді жинау және өңдеу, түсіндіру және қорытынды жасау, қабылданатын шешімдердің этикалық аспектілерін түсіну, қол жеткізілген нәтижелердің адамдар мен қоршаған орта үшін құндылығын бағалау мүмкіндігін береді.

10.9. Жаратылыстану-математика бағытындағы пәндер бойынша ғылыми зерттеулер жүргізу барысында оқушылардың жалпы сауаттылығы қалыптасады. Олар жалпы сауаттылығын кез келген білім беру саласында, іс-әрекетінде, түрлі проблемаларды шешу барысында қолдана алады. Жалпы сауаттылық оқушыларға алып жатқан білімінің жеке тұлға үшін мәнін ұғынуға, оның өз өміріндегі маңызын зерделеуге, өмір бойы білім алудың қажеттілігін түсінуге мүмкіндік береді.